Бабалар мұрасы

ҚОЖАБЕРГЕН ТОЛЫБАЙҰЛЫ

Қожаберген жырау 1663 жылы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының Күлтөбе деген жерінде туған. Әкесі алты алашқа мәлім Толыбай сыншы.
Қожаберген жырау араб, парсы тілдерін жетік меңгергендіктен Әз-Тәуке ханның сенімді серіктерінің бірі болған. Аласапыран заманда қолына найза алып ел қорғаған, жалынды жырларымен сарбаздарға рух берген. Оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесінен бөлек, батырлығымен де ел есінде қалған.
Қожаберген қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып, «Ата-тек» деген дастанын шығарды. Өз аулында мешіт-медресе ашып, бала оқытып, ислам дінін насихаттайды, шеберхана салдырып, елді қол өнеріне баулып, егін салуды қолға алады.
1688 жылдың маусым айында Түркістан шаһары маңында Әз-Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары 25 жастағы Қожабергенді Ордабасы, яғни хан ордасының бас қолбасшысы, әрі бас ақын етіп сайлайды. Ол сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайды, қазақ хандығының ішкі-сыртқы саяси хал-ахуалын жете біліп, әрдайым өз жырларына арқау етіп отырған. Қожаберген батырдың жан-жақты қабілеті бар дарабоз тұлға екендігіне қоса, оның елші әрі сынықшы болғаны жайлы да деректер бар. Оған ақынның «Елшілік» деген өлеңі дәлел.
Қожабергеннің әдеби мұрасын жинап, сақтаған — Сегіз Сері. Ол жыраудың «Елім-ай», «Баба тіл», «Жеті Жарғы», «Қабанбай батыр», «Ер Көкше», «Асан ата», «Ер Қосай», «Ер Жәнібек», «Қорқыт баба», «Ер Едіге», «Орақ батыр» т.б. төлтума шығармаларын жинап, бізге жеткізген. Осы дастандарының бәрінде де ақын елді сыртқы жауға қарсы азаттық жолындағы күреске шақырып, қазақ халқының бірігіп, іргелі ел болуын армандап, соны жырға қосады. Бұл жағынан алғанда, Қожабергеннің жыр еткен тақырыбының саяси жағынан өте маңызды екенін көреміз.
«Дабыл», «Аңырақай», «Бозайғыр», «Күлдірмамай», «Шұбырынды», «Сұлама» күйлерін шығаруы Қожабергенді күйшілік қырынан танытады. Атынан белгілі болып отырғанындай, күйлерінің тақырыбы да күрес, майдан, ел басына туған қиын кезең. Жырау сол кездегі халық зарын күй тіліне айналдырады.
Қожабергеннің ақындық талантын танытқан, тарихқа атын қалдырған «Елім-ай» жыр-дастаны. Ел басына түскен ауыр апатты «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңін жыр тіліне көшірген. Шығарма 7 бөлімнен тұратын 3683 шумақ, яғни 14732 жол өлең. Қазақ әдебиетінде 11 буынды, 4 тармақты, қара өлең ұйқасымен шығарма жазудың негізін салушы осы Қожаберген жырау десек, қателеспейміз. Оның көлемді дастандарының бәрі бұған дәлел бола алады. Жыраудың бұл дәстүрін кейін оның інісі Дәстем салдың немересі Жанкісі ақын, шәкірттері Көтеш, Жанақ ақындар одан әрі дамытып әкеткені белгілі.[
(мәлімет википедиядан және «әдебиет» порталынан алынды)

ҚЫЗЫЛЖАР
Қол бастап әкем Толыбай туын тіккен,
Есілдің күнгей бетін күздік еткен.
Көлденең көк Есілдің жарқабағын,
Әкеміз Қызылжар деп атап кеткен.
Қызылжар содан бері атаныпты,
Әкемнен ерлер сонда бата алыпты.
Ту ұстап, тұлпар мінген он жеті ағам,
Қол бастап жау қалмаққа аттаныпты.
ЖЕТІ ЖАРҒЫ
Қарабас тархан ағамды,
Алаш жұрты тыңдаған.
Соғысқа, дауға қатысып,
Ер еді жастан шыңдалған.
Мұра боп қалған көне сөз,
Низам мен заңның мәні бір.
Талқылаған низамды,
Қарабас ағам сөзі-гүл.
Әз Тәукені ағамыз,
Әрқашанда қолдаған.
Қайта қарап низамды,
Қазақтың Заңын құраған.
Қарабас күйші ағамның,
Қағидасын жаттадым.
Ақ былғарға түсіріп,
Мұқияттап хаттадым.
Әз Тәукеге қызмет қып,
Жаздым «Жеті жарғыны».
Салыстырып талдадым,
Бергі менен арғыны.
Әз Тәукенің бас биі –
Майлы батыр ағамыз.
Нұсқа айтқан соң Майлыекең,
Кеңіп қалды жағамыз.
Көмектесті біздерге.
Қазыбек, Төле, Әйтеке.
Қазақтың заңын нығайтып,
Тыйым салды тентекке.
«Жеті жарғыны» жазуда,
Іс тындырдым бірталай.
Айтқанымды құп алды,
Деген жоқ ешкім бұл қалай?
«Жеті жарғы» заң жазып,
Таратып беріп баршаға,-
Көңілін жұрттың жұбаттым.

https://adebiportal.kz/kz/news/view/20735