Бабалар мұрасы

Баймағамбет Қанапияұлы Ізтөлин

Баймағамбет Қанапияұлы Ізтөлин

Ақмола губерниясы  Петропавл уезі, Аққұрсақ болысы,   Шәліңке ауылында туған (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы).   25.9.1889 – 12.4.1921 ж.ж.  Ақын. 1916 – 1917жылдары Пресновка мектебінде, “Уазифа” медресесінде оқыған. 1919 жылы Петропавлда уездік ревкомға орналасады. Онда мектептер ашып, мүғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді курстар ұйымдастырады. Петропавл қаласында мұсылман бюросы мен қазақ-татар клубында жүмыс істеген. Феодоров ауданы оқу бөлімінің нұсқаушысы болған.

“Жалғыз жілік”, “Ала торпақ” (1913), “Өкпеге жауап”, “Жәкі мен Құла ат” (1915), “Соғыс”, “Өмірім” (1916), “Айым мен күніме” (1917) өлеңдері жарық көрген. Iзтөлин өзінің “Отарба”, “Туғаныма”, “Қалқамшырақ” (үшеуі де 1917), “Пысылдақ Омар” (1918), “Күн мен түн” (1919). І-нің “Көк теке”, “Маймыл мен түлкі”, т.б. мысалдары бар. Ақынның шығармалар жинағы бірнеше рет(1926,1935,1957,1981) басылып шыққан. Кейбір жеке туындылары оқулықтарға енгізілген.

2000 жылы Киров ауылы Баймағамбет Ізтөлин болып өзгертілді. Баймағамбет Ізтөлин ауылы — Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы, Архангель ауылдық округі құрамындағы ауыл.

 

Айым мен күніме.

Оң, солдан туып тұрсын ай мен күнім!

Қазақты жасандырып сәуле нұрың.

Жұртыңды жарық жаққа ұмтылта бер,

Жоғалды мұнарланған қара түнің.

Пайдаңды көпке жұмсап шашсаң білім,

Халықтың надандықтан ашсаң жігін.

Бет қойып игілікке тұлпарларым,

Жарайды, аяқ алып басқандығың!

Жол тосқан ілгіштердің бәрі кетіп,

Көздеген нысанаға жазбай жетіп.

Еңбегің жанып, көздің жасын иіп,

Жоғалсын ақсақ-тоқсақ, кем мен кетік!

Заманың жақсылыққа бет бұрып тұр,

Айтарлық бір ғанибет кеп келіп тұр.

Жас буын, жаңа өспірім ардақты ұлдар,

Шағында бұл құт жұмыс дөп келіп тұр.

 

Құтты боп жүрген жолың, басқан ізің,

Көркейіп әр қашан да тұрсын жүзің.

Бір туған “Айым, күнім”, кемеңгерім,

Шаттықта ғұмырларың болсын ұзын!

1917, 10 апрель.

Қалқам-шырақ.

Біреуді шын көңілмен тұрсаң сүйіп,

Жолына бермейсің бе жаның қиып.

Жақын боп сол қалқаға қол артпасаң,

Жүресің қапаланып ішің күйіп.

Әркімнің өзінің бір сүйгені бар,

Қауышсаң махаббатпен көңілің тынар.

Ғашықтық жүрегіңе бір орнаса,

Шіркін-ай, алағызып боларсың зар.

Келеді сонда еліріп мойын бұрғың,

Құмартып сүйіктіңмен жақын жүргің.

Қолыңды жеткізбес пе сенің оған,

Деп жүрген “осы қалай” тату құрбың.

Араға себеп болса қызмет қылып,

Жақсыдан шарапат сол бақсаң біліп.

“Аяулы замандасым айтты ғой” деп,

Бас тартпас сөз таптырсаң жақсы жігіт.

Ақыл мен істің жөнін өзі білмек,

Еш нәрсе сылтауратпай қарсы үндеп.

Білімсіз кещелерге жауап қатсаң,

Қастық қып қайта өзі жүрер күндеп.

Бейілі жақсылардың болар кең-ді,

Еркіңе салар айтсаң салдыр жолды.

Талпынған жігіт болып қарулы ер,

Байқайды бала жастан оң мен солды.

Қыздың да жақсылары білер жөнді,

Шамала өз бойыңа лайық теңді.

Сәулеңе көңіл сүйген қарап тұрсаң,

Сөзі мен көзінен-ақ болар белгі.

Жақсы қыз қол алыссаң бекіп тұрар,

Мықты ұстап айтқан сөзге жетіп тұрар.

Сөйлесең инабатты қыздарменен,

Өзіңнің ар жағыңнан өтіп тұрар.

Жақсы қыз қаталықпен сырын ашпас,

Кісіден бір ұнатқан аулақ қашпас.

Баласы хан-патшаның тұрса-дағы,

Сүйіскен жігітінен бұра баспас.

Байқасам біздің осы қазақтікі,

Болады жеңіл мінез қыз, жігіті.

Биязы, толық ақыл із баққаны аз,

Қырымнан көретұғын көзі жіті.

Ішінде аз-ақ қазақ білгендері,

Еппенен қызық дәурен сүргендері;

Мұқатып бірін-бірі шамасынша,

Арбасып аңдысуда жүргендері.

Бөгесе бірін-бірі салып қармақ,

“Бәлемді мұқаттым” деп мейірі қанбақ.

Тәртіп аз, оқу, өнер болмаған соң,

Барамыз осындай бір жолмен шарлап.

Баймағамбет Ізтөлин

1917, 2 июль