Бабалар мұрасы

Игібай Әлібаев

Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданына қарасты Айтуар ауылында туған.  1903-1978 жылдары өмір сүрген. Халық ақыны.

Игібайдың туған әкесі Тәжібай, Оны асырап алған әкесінің Ағасы Әлібай да атақты Біржан салдан тәлім алған әнші болған.

Игібай Әлібаев  1921 жылы Петропавлдағы қазақ педагогика техникумын бітіріп, ұзақ жылдар мұғалім болып еңбек еткен. Суырып салма ақындығының арқасында бүкілодақтық, рсепубликалық ақындай айтысына қатысып жүлде алған.  Игібай Әлібаев тамаша орындаушылығымен есте қалған. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың індерін орындап, бүгінгіге жеткізген өнерпаздардың бірі.

1974 жылы «Айтуар» атты жыр жинағы жарық көрген.

 

Домбыра

Серігім сегіз жастан сен, домбырам,

Құйылған қолыма алсам, сөз-домбырам.

Тал тиек, қысқа мойын сегіз перне,

Бұлбұлым сан сайыста жыр оздырған.

Небәрі сегіз-ақ қой пернелерің,

Сонда да күй боп жанды кернеп едің.

Жүйткітіп он саусақты қаққанымда,

Өзіңнен төгілген күй сел ме дедім.

Жықпадым көңіліңді мен ешқашан,

Жықпадың көңілімді сен де менің.

 

Туған жерім-Айтуар

Туған жерім, қымбаттым Айтуарым,

Сезіп пе ең арайлы таң, бақыт барын.

Сезіп пе ең жазирадай жаңа өмірде,

Оңынан ай, соңынан күн туарын.

 

Бұл күнді құшағыңа сыйғызғандай,

Алыпсың табиғаттың нелер нәрін.

Келелі іс өр кеудеге нұр құйғандай,

Көңілді, көтереңкі адамдарың.

 

Елден алдым

Елден алдым көңілдің көркем жазын,

Кеудеме құйған асыл әннің сазын.

Желге ойнап, көлеңдеген көк шалғындай,

Ел еркесі-секілді күнде мәзбін.

 

Елден алдым жоғымды, керегімді,

Біріндей боп ерлердің терең үнді.

Десе егер бар ма еңбегің елге сіңген,

Білмеймін нешік жауап берерімді.