Жаңалықтар

«Сапалы жол» жобасының жүзеге асырылуы жөнінде кеңес өтті

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтің төрағалығымен Солтүстік Қазақстан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде облысымыздағы «Сапалы жол» жобасының жүзеге асырылуы жөнінде онлайн түрде кеңес өтті деп хабарлайды Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы СҚО филиалының  баспасөз қызметі.  «Бүгінгі таңда облыс инфрақұрылымында жалпы пайдаланымдағы 9 мың шақырым автожол бар, оның 2 мыңы – республикалық маңыздағы жолдар болса, 7 мың шақырымы  жергілікті автожолдар. 2020 жылы облыстың автомобиль жолдарын жөндеуге 39,1 млрд. теңге сомасында қаражат жоспарланды. 1000 шақырымнан астам автожолдар мен елді мекендердің көшелерінде түрлі жөндеу жұмыстары жоспарлануда», – деді Антон Федяев.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ернар Баянғазин: «2020 жылдың басынан мониторингтік топ өкілдері Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен бірлесе отырып, жол-құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерге үш рет шықты. Нәтижесінде, бірнеше өрескел сәйкессіздіктер анықталды. Жол құрылыс сапасын орталықтың  көшпелі зертханасы егжей-тегжейлі зерттей алатынына көзіміз жетті. Сондықтан, аудан әкімдіктері орталықпен келісім-шарт жасасқаны дұрыс. Жыл басынан орталықпен тек қана Солтүстiк Қазақстан облысының жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы 50 млн теңгеге келесім-шарт жасасқан»,  – деп мәлім етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы соңғы уақытта техникалық қадағалаудың өкілін әкімшілік жауапкершілікке тартудың бір ғана фактісі бар екендігін алға тартты. Сонымен қатар, «Заградовка» аудандық маңызы бар жолды орташа жөндеу бойынша «Крэдо СК» ЖШС-не қатысты 250 АЕК көлемінде айыппұл салынғандығын хабарлады.

Жиында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы СҚО филиалының директоры Жолдыбай Тентеков  орталықтың жұмысы бойынша баяндама жасады.  Филиал директоры баяндама барысында атқарылған жұмыстармен қатар, бірқатар шешімін таппай жатқан мәселелерді ортаға салды. Мысалы, аудан әкімдіктеріне ұсыныс хаттар жіберілгенімен, әлі күнге дейін бірде-бір аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының орталықпен келісімге отыруға құлықсыз екендігін айтып, осы мәселені әкімдіктің назарға алуын сұрады. Сонымен қатар,  техникалық қадағалау қызметінің  осалдығы өткір тұрған мәселелердің бірі екендігін жеткізді. 70-80 жылдары салынған автожолдардың ауыр-жүк көліктерінің салмағына шақталмағандығын айтып, «Тонар» секілді ауыр жүк көліктерінен заң жүзінде бас  тарту керек деген ұсыныс жасалды. Жиын соңында кеңес төрағасы Антон Федяев аудан әкімдіктеріне тағы да Жол активтері ұлттық сапа орталығының қызметіне жүгінуді, олармен келісім-шарт жасасуға ұсыныс берді. «Аталмыш орталық жол құрылысы сапасын арнайы көшпелі зертхананың көмегімен сапалы түрде зерттеп береді. Аспаптық талдаулар заманауи талаптарға сай жасалады. Сондықтан, осы орталықпен бірігіп жұмыс жасасаңыздар, жемқорлық әрекеттерінің де азаятынына сенімдімін», деп қорытындылады сөзін кеңес төрағасы.