Біздің елдің жігіттері

ЖАҚСЫБАЙ БАЯНҰЛЫ САМРАТ

1960 жылы 20 қазанда  Есіл ауданына (бұрынғы Ленин) қарасты Тауағаш ауылында туған.

Жақсыбай Баянұлы    Қызылжардағы қазақ мектеп-интернатын бітірген. ҚазМУ мен ҚарМу-де білім алған. Экономист және филолог мамандықтары бар. Еңбек жолын 1979 жылы Петропавл қаласында бастаған.

Соңғы 17 жылдан бері республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етіп келеді. 10 жыл президенттің пулында болып, 30-ға жуық шетелдерде мемлекет басшысының сапарын жазған. 2009 жылы журналистер арасындағы мемлекет деңгейіндегі жоғарғы атақтардың бірі – Президенттің Грантын жеңіп алған. 2010 жылы республикалық «Нұр Отан» ХДП сыйлығын алған. Бірнеше рет Парламенттің, Үкіметтің Алғыс хаттарымен, СҚО әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

«Мәдениет қайраткері», «Ақпарат саласының үздігі», «Есіл ауданының Құрметті азаматы» және т.б. атақтары бар.

Оның қаламынан бүгінгі таңда оннан артық үлкенді-кішілі кітаптар жарық көрді. Соның ішінде Желтоқсан оқиғасы туралы жазылған «Бітеу жара», Солтүстікте Тәуелсіз Қазақстанның орнауын әдеби көркем тілмен баяндаған «Өзгеленді бұл ғалам», қазіргі жастар өмірінен жазылған «Бұралаң заман» романдары, 2-3 әңгімелер жинағы, публицистикалық мақалаларының жинағы, туған ауылының тарихына арналған «Тауағаш деген ел едік…» кітабы, бір драмасы және жеке адамдарға арналған 2-3 кітабы жарық көрген.

Жақсыбай Баянұлы журналист,  жазушылығымен қоса өлке тарихын зерттеп, ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп жүрген санаулы азаматтардың бірі. Оның бастамасымен Абылайдың ақ үйі тарихи ғимараты қалпына келтіріліп, бүгінде Қызылжардың мақтанышына айналды.   Бұған қоса солтүстіктегі қазақша атауларды қалпына келтіріп, тарихи әділдікті орнатуды мақсат тұтқан.