Жаңалықтар

СҚО автожолдарын тексеру нәтижесінде 186 олқылық анықталды

Жол – экономиканың күре тамыры. Сондықтан жол құрылысына, мемлекеттерді жалғайтын автомобиль магистральдарын  жаңарту мен күтіп ұстауға жыл сайын мемлекет тарапынан миллиардтаған қаражат бөлінеді. Солтүстік Қазақстан облысында да жыл сайын республикалық және облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы орайда, құрылыстың сапасы мен мердігерлердің жауапкершілігін тексеру мақсатында өңірде тексерістер жиі ұйымдастырылады. “Адалдық алаңы”, “Сапалы жол” жобалары аясында  қоғамдық ұйымдар, прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өкілдері жолдарға рейдке шығып, мониторинг  жүргізу арқылы бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын қадағалайды.

Құрылғанына бір жыл болған   Жол активтері ұлттық сапа орталығының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы мамандары соңғы үш айдың ішінде өңірдегі автомобиль жолдарының 48 учаскесінде 170 рет тексеріс жүргізді, деп хабарлайды кәсіпорынның баспасөз қызметі.  Жол сапасын бақылау жұмыстарының нәтижесінде  186 олқылық анықталды. Олар негізінен: жолдағы шұңқырлар,  жөндеу технологиясын сақтамау, жолдың шетін түзулемеу, жол бойындағы белгілерді дұрыс орнатпау және мүлдем болмауы секілді кемшіліктер. Сондай-ақ,  сараптамаға алынған 179 сынаманың 22-сі нормаға мүлдем сай еместігі анықталды. Диагностика және сараптама барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша мердігер компаниялар мен тапсырыс берушілерге  142 хат жолданды.

“Республикалық маңызы бар жолдардың 26 нысаны және облыстық маңыздағы жолдардың 22 нысанында бақылау жұмыстары жүргізілді. Филиал мамандары республикалық  жолдарды тексеру мақсатында 114  рет тексеріске шығып, сараптама жасады. Жол құрылысы материалдарының 136 сынамасы алынып, зертханада арнайы сараптамадан өтті.  Соның 10 пайызы  талаптарға сай емес екені анықталды”,-  дейді филиал басшысы Жолдыбай Тентеков. Облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу барысында да сәйкессіздіктер бар екені анықталған. Сынама нәтижесі бойынша  алынған 43 сынаманың 8-інде белгіленген нормалар сақталмай шықты. Бақылау нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша акттер жасалып,  мердігер компанияларға хаттар жолданды.   Мердігерлер филиал өкілдерінің ұсыныстары негізінде  кемшіліктерді жоюда.