Жаңалықтар

Қазақстанда жол қауіпсіздігін бағалаудың жаңа жобасы жұмыс істей бастады

Халықаралық IRAP жүйесін енгізуді   шведтік Swe Road компаниясы “Жол активтері ұлттық сапа орталығы” және «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтымен» бірлесіп қолға алды. Бағалау жұмыстары  тамыз айында   Алматы облысы мен Алматы қаласында жүргізіле бастады. Қыркүйек және қазан айларында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл,    Ақмола, облыстарында жалғаспақ. Жалпы, Қазақстан бойынша жылына  18 мыңнан астам жол-көлік апаты болып, 2 жарым мыңнан астам адам қаза тауып, 23 мыңы түрлі деңгейдегі жарақат алады. Жобаның басты мақсаты, қауіпті деген жолдарды анықтап, тәуекелді  бағалау. Яғни, 6200 шақырым жолды бағалау жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар арнайы жабдықталған автомобильдің қондырғылары арқылы жүргізіледі. Әр 100 метр сайын тексеріс жүргізіліп,   5 балдық шкала арқылы баға қойылады. Барлық тексерістерден соң «жұлдызды рейтинг» бойынша инвестициялық жоба қолға алынып, қауіпті жолдардағы кемшіліктер жойылады. Бұл елімізде жолдардың қауіпсіздігін халықаралық деңгейде  бағалай алатын  мамандар тобын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба нәтижесі бойынша «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты»  ЖШС  және жоғары оқу орындарының қабырғасында IRAP ұлттық білім платформасы жасалады және   IRAP-ты енгізу бойынша ұлттық заңнамаға өзгерістерді енгізу жөніндегі ұсыныстар әзірленеді. Әзірге, алғашқы сатысы жүзеге асырылуда. Осыған орай,  Жол активтері ұлттық сапа орталығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының  қызметкері  Еркін Әбілмәжінов  мамандарға   жобаны енгізу бойынша арнайы өткізілген оқыту семинарына қатысты.