Жаңалықтар

“Сапалы жол” жобасы аясындағы жұмыстар талқыланды

Бүгін Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Жолдыбай Тентеков Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Anticor_Live бағдарламасына қатысып, «Сапалы жол» жобасының Солтүстік Қазақстан өңірінде жүзеге асырылуы жайында сұрақтарға  тікелей эфирде  жауап берді.  Департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің мәлімдеуінше, ағымдағы жылы өңірімізде аталмыш жоба аясында жол құрылысының сапасы мен мердігерлердің жауапкершілігін тексеру мақсатында Орталық мамандары мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттік өкілдері және арнайы мониторингтік топ  бірлесіп, республикалық және облыстық маңызға ие жолдарға 14 рет рейдке шыққан. Нәтижесінде, ондаған кемшілік  анықталыпты.  Ал, жалпы осы есептік кезең ішінде филиал өкілдері жол сапасын бақылау мақсатында автожолдарға  445 рет тексеріске шықты. Оның ішінде, 272 рет республикалық  маңызға ие жолдарға шығып, 270 кемшілік анықтаған. Сараптамаға алынған 307 сынаманың 16-нан сәйкессіздік анықталған. Облыстық маңыздағы жолдарға жасалған  173 тексеріс  194 кемшілік көрсетті.  150 сынаманы зерттеу барысында 30 сәйкессіздік анықталған. Диагностика және сараптама барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша мердігер компаниялар мен тапсырыс берушілерге  142 хат жолданды. Бір айта кетерлігі, нұсқама хаттар жолданса да, мердігер ұйымдар кемшіліктерді уақытында жойып отырмаған.  “Жол –құрылыс материалдарының  ҚР-СТ нормаларына сәйкес келмеуі, жол жабындысы қалыңдығының жобаға сәйкес  болмауы, тас материалдардың себілуі мәлімделген фракцияға сәйкес келмеуі – бұл тексеріс барысында анықталатын негізгі кемшіліктер болып табылады,- дейді Орталық директоры Жолдыбай Тентеков. Бұған қоса, мердігер ұйымдар мен техникалық бақылау қызметінің  жауапсыздығын атауға болады.

Сұхбат барысында  жоба жүргізушісі орталықтың негізгі міндеті мен жұмысы   және тексеріс жүргізу критерийлері жайында  да сұрады. Айта кеткен жөн, Орталықтың басты ұраны «Жақсы жолдан-жарқын өмірге» деп аталады,   бұл  жол  салу барысында тексерістердің барлық кезеңінде жүргізілетінін  және экономиканың күре тамыры саналатын жолдың өмірімізде қаншалықты  маңызды екенін айқындайды.  Орталықтың міндеті мен ұстанымына сай, әр қызметкер жолдың сапалы болуын өз міндеті санайды. Сондықтан, орталықта өз ісіне адал, кәсіби тұрғыдан шыңдалған мамандар еңбек етуде.  Тікелей эфир барысында жауапсыз мердігерлер мен жазаға тартылғандары жайлы да сөз болды. Бұл ретте Жолдыбай Тентекұлы, тергеу барысында орталық ұсынған сараптамалар мен кемшіліктер жайлы анықтамалардың қаншалықты маңызды және істің күрделілігін анықтайтын маңызды фактор екенін де атап өтті.  Кездесу соңында орталықтың алға қойған жоспары мен жауапсыз мердігерлерді анықтау жобалары жайлы да сөз қозғалды.