Жаңалықтар

Назарбаев зияткерлік мектептері арасында тоғызқұмалақтан спартакиада өтті

Назарбаев зияткерлік мектептері арасындағы тоғызқұмалақтан желілік спартакиаданың жеңімпаздары анықталды. Алғаш рет спортшылар өз қарсыластарымен онлайн форматта PlayOk платформасында кездесті, деп хабарлайды Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.
Қатысушыларды алдымен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова құттықтады.
«Тоғызқұмалақ төрт мың жылдық тарихы бар бірегей ұлттық ойын. Ол шығармашылық пен логиканы дамытады, сол себепті де бұл ойын оқушыларымыздың арасында кеңінен танымал. Ойынға қызығушылық таныту – өз халқының тарихы мен мәдениетіне жақындай түсу», – дейді ол.
Қызылжарлық зияткерлік мектептің намысын 4 оқушы қорғады. Олардың қатарында Жанбатыр Серік те бар. Оның ұлттық ойынмен әуестенгеніне 5 жыл болыпты.


«Мен ұлттық ойынды жақсы көремін. Басты жаттықтырушы – әкем. Виртуалды ойыннан – бетпе-бет кездескен жақсы әрине. Дегенмен бүгінгідей жағдайда дәстүрлі жарыс тоқтап қалмай, жалғасын тапқанына қуаныштымын», – дейді оқушы.

Үш жас категориясы бойынша өткен командалық есепте Талдықорған және Қызылорда қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрамалары оза шапты. Бір ерекешелігі Қызылорда командасы екі бірдей жас ерекшелігі бойынша ешкімге есе жібермеді.
Назарбаев зияткерлік мектептері даму департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ балалардың тоғызқұмалаққа деген қызығушылықтары жыл сайын артып келетінін, ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуға арналған жобалар NIS әлеуметтік жобалары қатарында сұранысқа ие екендігін атап өтті.