Жаңалықтар

ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕГІ КЕМШІЛІКТЕР

“Сапалы жол-Адалдық алаңы” жобасы жол құрылысының сапасы мен мердігерлердің жауапкершілігін арттыру, әрі мониторинг  жүргізу арқылы бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын қадағалау мақсатында құрылғаны анық. Сонда да, өз міндеттеріне жауапсыз қарайтын мердігерлер әлі де бар.  Аталмыш жоба аясында Жол активтері ұлттық сапа орталығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі және Солтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері бірігіп, КТ-52 «Тимирязев-Ақсуат-Мичурино» облыстық маңызға ие автомобиль жолының учаскелерінде жүргізілген орташа және толық жөндеу жұмыстарын бақылау мақсатында тексеріс жүргізді. Мониторингтік топ алдымен аталмыш жолдың 31,2-38 км (ұзындығы 6,1 км құрайды) жол учаскесіне барып, ондағы жұмыс нәтижесімен танысты. Бақылау барысында атқарылған жұмыстарға оң баға беріліп, нәтижесінде жөндеуге тапсырыс беруші – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жолды қабылдау туралы шешім  шығарды.

Ал, екінші учаскедегі атқарылған жұмыстар көңілді көншітпеді. Ұзындығы  3,0 км жол учаскесіне толық жөндеу жұмыстарын бас мердігер «ТОИР» ЖШС-сі жүргізген болатын. «Орталық қызметкерлері бұл учаскеге 2 рет шығып, жөндеу жұмыстары басталған шақта қиыршықтас,  төсеме қабат құрылғылары секілді жол-құрылыс материалдарынан 3 сынама алып, зертханада тексерген болатынбыз. Сынама нәтижесі олардың нормативті-техникалық құжатнамаға сәйкестігін көрсетті.  Ал, асфальтбетон жамылғысына сараптама екі себептен жүргізілген жоқ, біріншіден, жылдық қаржыландыру аяқталып қалды, екіншіден,  асфальтбетон жамылғысы 30-шы қазаннан кейін, кеш төселді», дейді зертхана меңгерушісі Марат Дарбаев. Тәуелсіз зертхана жағдайында асфальтбетон сынамаларына жасалған сараптама нәтижесі тығыздық коэфицентінің сәйкессіздігін көрсеткен. Сонымен қатар, тексеріс барысында рейд мүшелері көлденең және бойлық еңіске қойылатын талаптардың орындалмағанын анықтады. Құны 300 млн-ға жуық бұл «жаңа жолдың» сапасы мүлдем сын көтермейтін болып шықты, қолданысқа қабылданбайтыны да анық. Тапсырыс берушінің мердігерге қатысты қандай шара қолданатыны уақыттың еншісінде.