Санатталмаған

Жолдарды тазарту жұмыстарында іркіліс бар

Теріскейде қыс биыл ерекше қарлы болды. Қыс басынан бері ауа-райының қолайсыздығынан өңірдің әртүрлі бағыттағы жолдары 40 рет жабылыпты.Жол активтері ұлттық сапа орталығының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы қызметкерлері жолдардың қысқы күтімін бақылау мақсатында 16 республикалық маңызға ие объектіге 42 рет шықты. “Мониторингтер барысында анықталған басты кемшіліктер: тазарту жұмыстарының уақытында жүргізілмеуі, жол жиектерінің толық көлемде ашылмауы, көктайғаққа қарсы материалдардың тиісті көлемде себілмеуі. Барлығы 67 ескерту анықталды”  дейді филиал қызметкері Хайырбай Садуақасов.

Жолдарды тазарту жұмыстарында іркілістердің бары анық. Мұның басты себептерінің бірі -облыста қардың шамадан тыс түсуімен тікелей байланысты.

Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында жауапты мекеме “Казахавтодор” ЖШС-не филиал тарапынан ескерту хаттар жолданды. Бүгінгі күні 42 ескерту жойылды. Ал 25 кемшілікті жою бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда.

Айта кету керек, филиал мамандары “Сапалы жол-Адалдық алаңы” кеңселік жоба қызметкерлерімен бірлесіп рейдке шығып, жолдардың жағдайын ашық көрсетіп жүр. “Қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету – біздің мақсатымыз” дейді орталық мамандары. Жалпы, аймақтағы республикалық және жергілікті маңызға ие жолдар филиал мамандарының ұдайы назарында.