Жаңалықтар

КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ -МІНДЕТ

Бүгінде жол саласы кәсіби мамандарға зәру. Оның ішінде жол шеберлері, құрылыс инженерлері, зертханашылар, асфальтбетон жұмысшылары, асфальт төсегіштер, автогрейдер жүргізушілері, арнайы техника жүргізушілері (ауыр-жүк көліктері мен экскаватор ). Ал жол құрылысын үздіксіз бақылауға тиісті техникалық қадағалау қызметінде сарапшы мамандардың жетіспейтіндігі бүгінде үлкен проблемаға айналып отыр.

“Жол активтері ұлттық сапа орталығы” РМК  өз кезегінде жол саласына мектеп түлектерін тарту мақсатында еліміздің оқу ошақтарында кәсіби бағыт-бағдар жұмысын екінші жыл қатарымен жүргізіп келеді. Бүгін де орталықтың теріскейдегі филиалы кәсіптік бағдар беру жұмысын Айыртау ауданының бірнеше мектебінде жалғастырды.
Онлайн кездесуді филиал басшысы Жолдыбай Тентеков жүргізді. “Жастардың жолшы мамандығы туралы түсініктерін кеңейту керек деп ойлаймын. Жолшы десе көздеріне тек сары жилет киген, жол бойында жүретін жұмысшылар деп елестететіндер аз емес. Жол құрылысымен айналысатын мамандардан басқа құрылыс материалдарын зерттейтін зертханашылар, сарапшылар, құрылыс инженерлері секілді мамандар аса қажет. Елімізде білікті мамандардың аздығынан жыл сайын сырттан кадрларды іздейтініміз белгілі.  Сондықтан, түлектерге білікті мамандардың қатарын толықтыру қажеттігін жеткізу, жолшы мамандығының қыр-сырын түсіндіру, осы салаға шақыру бізге міндет деп есептеймін”-дейді Жолдыбай Тентеков.

Абай Нұрболұлы