Жаңалықтар

ЖОЛДЫҢ ЖАУЫ КІМ?

Біздің жолдың негізгі жауы – жүк көліктері. Белгіленген салмақтан бірнеше есе артық жүк тиейтін олар жолды жапырып жібереді. Салмақтың артықтығын анықтайтын арнайы көліктік бақылау бекеттері бар. Әзірше, олардың тиімділігі төмендеу болып тұр. Облыстық көлiктiк бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Андрей Марковтың айтуынша, шамадан тыс жүк артатындар қатаң бақылауға алынған.

– Қазіргі күнгі көлік тасқынын өткен жылдармен салыстыруға келмейді. Ескі әдіспен төселген жолдар оған шыдамайды. Салмақтың сақталуы заңмен бекітілгеніне қарамастан, жүргізушілер шамадан тыс жүк артудан тайынбайды. Әсіресе облыстағы карьерлерден инертті материалдар тасымалдайтын көліктер жолды тез бұзуда. 2020 жылғы тексеріс кезінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша 61,1 млн. теңге айыппұл салынды. Инспекция қызметкерлері барлығы 992 әкімшілік материал толтырды. Жүргізушілердің басым бөлігі рұқсат етілген салмақты асырып жіберген, – деді Андрей Петрович.

Жол сапасын тексерумен айналысатын Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы   облыстық филиалының директоры Жолдыбай Тентеков ауыр-жүк көліктерінің салдарынан Ақжар және  Уәлихан аудандарына қарасты жолдардың жиі бұзылатынын жеткізді. Бұған себеп, сол аудандардағы карьерлерден ресейлік ауыр-жүк көліктері құм, қиыршық тас секілді жол-құрылыс материалдарын тасып тұрады. Бұл мәселенің шешімі әлі де табылмай тұр, -дейді Жолдыбай Кімбайұлы.

Бүгінде облыстағы жергілікті маңыздағы автожолдардың 69 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізсе, қабылдап алатын құзыретті орган кемшіліктерге көз жұма қарауын қойса, ауыр көліктері артық жүк тасып, залалын тигізбесе бұл да алынбайтын меже емес.

Қанат АТАМАНОВ