Санатталмаған

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНДА ЖІТІ БАҚЫЛАУ ЖЕТІСПЕЙДІ

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында автожолдардың жергілікті желісін жақсартуға 8 миллиард теңге  көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа аймақтың 2 мың шақырымнан астам жолы жөнделмек. Өңірдегі жолдардың сапасы мен құрылыс жұмыстарын бақылайтын Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы облыстық филиалы директоры Жолдыбай Тентековтың айтуынша,   жергілікті желі бойынша басты проблема – аудандардың аталмыш  кәсіпорынмен келісім-шартқа отырмауы. Яғни, жол төсеу барысында және жұмысты қабылдау кезінде олардың сапасы тексерілмейді. Соның кесірінен көп уақыт өтпестен жолдың сапасы сыр береді. Ал, жұмыс қабылданып, ақша аударылып қойылғасын, кінәлілерді іздей бастайды. Сондықтан, осындай олқылықтарды болдырмау үшін, жұмыстың барлық кезеңінде жіті бақылау болуы тиіс.

Биыл аудандық автожолдар мен елді-мекендердегі көшелерде жүргізіліп жатқан құрылысқа сараптама жүргізу үшін   СҚО әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен жалпы сомасы 18,9 млн теңгеге барлығы 1 шарт жасалды.

Соған сәйкес, құрылыс алаңдарына шығып, зерттеу жүргізілді. «ЖҚМ-нің 22 сынамасы сыналды, оның ішінде 17-сі нормативті құжатнамаға сәйкес болмай шықты. Қазіргі уақытта желілерді «жарып жүрген» облыстық маңызға ие “Тимирязев-Ақсуат-Мичурино” жолына жасалған күрделі жөндеу барысында  айтарлықтай кемшіліктер кеткен. Жолдың сапасыз салынуына байланысты жол жиегі бұзылып жатыр, бұл өрескел ереже бұзушылық болып есептеледі, әрі аталмыш ақау әлі қалпына келтірілген жоқ» -деп отыр орталық маманы Хайырбай Садуақасов.

Абай Нұрболұлы