Жаңалықтар

ІНДЕТ ҚАЙТА ӨРШУДЕ

Облыста қауіпті індет жұқтырған науқастардың  саны артуда. Өңірімізде коронавирус инфекциясына шалдыққандардың жалпы  саны 17010 адамға жетті. Соның 64 пайызында ауру белгілері бар. Ал шілденің 25-сі күнгі жағдай бойынша 133 адамнан ауру анықталды. Науқастардың дені Петропавл қаласында тіркелсе, Қызылжар, Жамбыл, Тайынша, Есіл аудандарында да ауру жұқтырғандардың саны басым. Мағжан Жұмабаев, Тимирязев, Мамлют, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда да жаңа жағдайлар тіркелді. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 123 адам ПТР сынама тапсырды.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша облыста КВИ-ге қарсы екпенің бірінші компонентін 189 045 адам алды. Толық курстан 123968 адам өтті. Аурудың белең алуына кейбір тұрғындардың карантин талаптары мен сақтық шараларын ескермеуі негіз болуда. Сонымен қатар жиын-той өткізу де қауіпті індеттің өршуіне ықпал етуде. Сондықтан мамандар тұрғындарды өз өмірлеріне жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Өңірде коронавирустық инфекция жұқтырғандар санының артуына байланысты 26 шілдеден бастап шектеу шаралары күшейтілгенін айтып өткен жөн.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА