Жаңалықтар

МАЛ АЗЫҒЫНЫҢ БАҒАСЫ АРЗАН

Бескөл ауылында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудан тұрғындарына арналған шараның өту барысын облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбеков байқап, өнімдердің бағасымен танысты.

Бескөл ауылындағы жәрмеңке бұрынғы сапаржай маңындағы шағын базарға қарама-қарсы жерде жайғастырылды. Оған қатысуға ауданның ондаған тауар өндірушілері тілек білдірген. Сөрелерге негізінен ауылшаруашылығы тауарлары қойылды. Атап айтқанда, 15 тонна шөп, 40 тонна сұлы, 50 тонна қоспа жем саудаға шығарылды.

Көптен күткен жәрмеңкеге келушілердің қатары қалың болды. Олар мал азығынан бөлек азық-түлік өнімдерін де сатып алды. Әсіресе, бағасы арзан ұн мен картопқа сұраныс жоғары болды. Бұдан бөлек, қауын мен қарбыз да тиімді бағамен сатылды. Аудандағы келесі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Соколовка ауылында өтеді.

Фархат ТАСТАМБЕК.