Жаңалықтар

ОҚУШЫЛАР САБАҚТАН ҚАЛМАЙДЫ

Jağymdy jañalyq

Биыл облыстағы  18 мектепке шағын автобустар сатып алынды. Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, мектепке қатынап оқитын оқушылардың мәселелері біртіндеп шешіліп жатыр. Биыл балаларды тасымалдау үшін автобус сатып алынған мектептердің бірі Петропавлдағы Кирпичный шағынауданындағы №12 білім ордасы. Бұл мектепте 60 оқушы оқиды. Олар күнделікті сабаққа қатысу үшін 4 шақырым жол жүрулері тиіс. Жол машақатын тартқан балаларды тасымалдау үшін мекемеге «ГАЗель» автокөлігі сатып алынды. Осы мақсатқа бюджеттен 12 млн. теңге бөлінді.

Мектебі жоқ шағын ауылдардың балалары да күнделікті немесе апта сайын қатынап оқиды. Былтырғы оқу жылында 158 елді мекеннен 1,5 мыңнан астам оқушы тасымалданды. Оларың 984-і мектепке күнде барып-келіп оқитындар. Балаларды тасуға 124 көлік бөлінген. Былтыр мектептердің автопаркін жаңарту мақсатында 42 шағын автобус сатып алынды. Биыл тағы 18-і қосылды. Нәтижесінде облыстағы мектептердің автопаркінің жартысы жаңартылады. Бұл жұмыс келер жылы жалғаспақ.

Ақерке ҚАБЫКЕЕВА.