Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ ЖОЛ САПА ОРТАЛЫҒЫНДА “АШЫҚ ЕСІК КҮНІ” ӨТТІ

Бүгін Жол активтері ұлттық сапа орталығының облыстық филиалы қаламыздағы А.Мерк атындағы гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері үшін “Ашық есік күнін” өткізді.

Кездесу барысында Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы” мамандығын меңгеріп жүрген болашақ мамандар жолшы мамандығының қыр-сыры мен өңірдегі жол саласындағы өзекті мәселелер, сонымен қоса, жұмысқа қабылдау талаптары мен тәртібі туралы ақпаратқа қанықты. Филиал директоры Жолдыбай Тентековтің жетекшілігмен қонақтар сынақ зертханасына экскурсия жасап, ондағы жол-құрылыс материалдарын сынауға арналған жабдықтармен танысты. Болашақ жолшылар әр құрылғы туралы ақпаратты үлкен қызығушылықпен тыңдады.
Зертханашылар өз кезегінде құрылыс материалдары қалай зерттелетіні, жол жабынының сапасы қалай анықталатыны және қиыршық тас, бетон, битум және т. б. сияқты құрылыс материалдарының сынақтары қалай жүргізілетіні туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Сондай-ақ студенттер жылжымалы жол зертханасының жұмысымен танысты. Мамандар негізгі қызметі жол диагностикасы болып табылатын арнайы көліктің мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берді.

Іс-шара соңында Жолдыбай Тентеков студенттерді тәжірибе жинақтау үшін өндірістік практикадан өтуге шақырды. Болашақ мамандарға кәсіптік бағдар беретін мұндай шаралар орталықта алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

АМАНЖОЛ БАРЛЫБАЕВ