Жаңалықтар

ҚЫЗЫЛЖАР АБАЙ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ҰЖЫМЫ АУДАНҒА ҚАРАСТЫ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫНА ТӘЖІРИБЕ ТАРАТТЫ


Қызылжар Абай орта мектебінің ұжымы Қызылжар ауданына қарасты мектептің директорларына «Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі – ауыл мектебінде» атты тәжірибе тарату семинарын өткізді.
Жалпы шараға ауданның отыздан астам мектеп директорлары, директордың орынбасарларымен қатар облыстық білім басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Татьяна Протопопова мен Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев, педагогикалық шеберлік орталығының тренері Жанар Опанова және аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Абдрахманов шақырылды.

Арнайы семинардың басты мақсаты ауыл мектебі жағдайында «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» тәжірибесін қалай қолдану керек екендігі туралы тәжірибемен бөлісу. Қатысушыларға барлық ақпараттар түсінікті болуы үшін шара шеберлік сағаттары, презентация ретінде ұйымдастырылып, қажетті мәліметтер берілді. Меймандар ең алдымен мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. Бұдан бөлек жұмыс барысында орта білім беру ұйымдарында мемлекеттік жеке-меншік әріптестік жобасын іске асыруды қолдаудағы атқарушы биліктің рөлі жайында аудандық білім бөлімінің жетекшісі, ал «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бастамасымен «Ауыл мектебі» жобасы аясында ауылдық мектептің дамуына әдістемелік қолдау көрсету туралы педагогикалық шеберлік орталығының тренері Жания Опанова ой қозғады.

Сонымен қатар Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев «Ауыл мектебі» жобасы аясында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату бойынша мәлімет берді. Қызылжар Абай орта мектебінің директоры Бауыржан Төленов болса «білім беру ұйымын дамытуға бағытталған мұғалімдердің өзара әрекетін күшейту» тақырыбында жиылғандарға ауқымды ақпарат беріп, өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ білім ордасының дамуын стратегиялық жоспарлау, Оқушылардың білім сапасын арттыру, оқу мен тәрбие жұмысын әдістемелік қамтамасыз ету тақырыптары кеңінен ашылды.

Қатысушылар қызықтарған сұрақтарына жиында бірден жауап ала-алды. Шара соңында аудан мектебінің директорлыра осы сынды тәжірибе тарату семинарының тағы бір мәрте өтуін сұрап, қызығушылықтарын танытты.